• Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,19А шағынаудан , 1/1 ғимарат
  • Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
    Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30
    Дүйсенбі - демалыс

Оқуға ұсынамыз

Ерекен Қорабаев "Бір ауыз сөз"


Бір ауыз сөз. Ерекен Қорабаев

Баласының сырқаты барын жүдеу өңінен Гүлсім әлдеқашан байқаған.Көңілі сергек, ойыннан қалып жатпағасын әлдеқалай болар деп аңдысын аңдап қазақшылыққа салып жүре берген. Жүре-жүре Жақанның кәдімгі үлкендерше «басым сынып барады» - деуі жиілей берді. Кей күндері ішкен асын кері қайтаратынды шығарды. Гүлсім: «Қой, бала ішегін сүйретіп ойнайды деуші еді, дәрігерге көрсетпесе болмас» - деп шешті.

Көзі жәудіреп маңындағыларға селсоқ назарын сала қарап Жақан бала ауыл ауруханасының дәлізінде тұр. Маңындағылардың сөйлеп, күлгені қатты әсер етіп, жанын жегідей жеуде. Дәрігер «Балаңыздың басына қандай да болмасын қатты соққы тиген, қалаға апармасаңыз болмайды», - деп Гүлсімді шақырып салды. Бар болғаны төртіншіде оқитың, нәті жуас ұлының біреумен сөзгекеліп, төбелесіп шатасқанын естіген емес. Бұдан бір-екі апта бұрын мектепте еден жуушы көрші Сағила «Жақан сүрініп, мектептің жоғарғы қабатынан көтерілетін сатыдан құлап қалды, ұшықтап жібердім» деген. Сағилаға сау болсын айтып, бір қорап шайын берген. «Жағаласпайтын, құламайтын бала бар ма, тәйірі» деп ойлаған Гүлсім көп мән бермеген. Әне анау бүкіл мектепті шулатып жүрген қиық құлақ тентек Тұрғали қуыспақ ойнап жүріп, мектептің екінші қабатынан секірген. Секіргенде де үлкен есеппен әрине, төменде өсіп тұрған теректі сындыра-мындыра дін аман түсіп, ойынын жалғастыра берген. Сол оқиға мұғалімдер отырысында қарайған әңгіме болған. «Япырмай, жазған бала қалай аман қалды, бір жеріне зақым болмады ма екен» деп Тұрғалиды есіркеп жатқан жан болмады. Әңгіме мектеп ауласына көрік беріп тұрған теректің бұтақтарының сынып-бүлінгені турасында болған. Сан жөнінде нешінші екенін құдай білсін, «ендігәрі қайталамаймын», - деп Тұрғали «ең соңғы» уәдесін беріп құтылған, қайдам, әр пенденің маңдайына жазылған бейнеті шығар. Гүлсім жабырқау еріп келе жатырған ұлына мүсіркей қарады. Шешесінің алай-дүлей жан дүниесін бет әлпетінен сезіп білген Жақан, сәл болса да көңілі бірленсін деді ме, оған қарап зорлана жымиды.

Әкесі, шешесі үшеуі қалаға қатынайтын тайтақтаған шағын көлікпен жолға шықты. Ауылдың қайбір оңған жолы болушы еді, қашан  тас жолға шыққанша, Жақанның басы зіркілдеп, тынышы кетті. Аспанды зіл қара бұлт торлап, күздің сұрқай қоңыр күні көңілін онан әрі жабырқатып жіберді. Алыс болсын, жақын болсын, жол жүрер болса, алып ұшатын балалық болмыс дәл қазір еш нәрсеге селт етер емес.

«Балаңыздың  сырқаты бар секілді, операциясыз болмайды» - деп, мосқалдау, мұртты бала дәрігері кесіп айтты. Әкесі шылымын үсті-үстіне сорып, үнсіз қалды, Гүлсімнің көзінен жасы еріксіз ыршып шықты.

Жазмыштан озмыш жоқ, тағдырының салғанына көніп, шыбын жанына араша іздеп келген шынашақтай Жақан, мейірбике ертіп келген бөлмеге енгенде көргені өзі шамалас бастары дәкемен таңылған бір орыс, екі қазақ баласы болды. Үшеуі де төсектерінде үнсіз жатыр. Сәлден соң қайта оралған дәрігер қыз мұның киімін ауыстырып, аурухана төсегіне жайғастырды. «Қайда екен, әлде кетіп қалды ма екен», - деп ойлап терезеден үңілгенде іркесіп-тіркесіп аурухана ауласынан шығып бара жатқан әке-шешесін көрді. Оларды көзімен ұзатып салған ол төсегіне келіп отырды. Екі күн бойы дәрігерлер бұған жиі-жиі келіп, әлдеқандай дәрілер беріп, бірнеше рет укол салып кетіп жүрді. Биік тұғырға орнатылған шыныдан мұның талдырмаш денесіне сарғыш түсті сұйықты, қуыс жіңішке жіппен құюмен болды. Үшінші күні әке-шешесі ертелетіп келді. Гүлсім баласын аурухананың жуынатын бөлмесіне апарып шомылдырып, әкесі айнадай етіп шашын алды.  Күндегідей емес дәрігерлер әлденеге мазасызданып, сабылып әрлі-берлі жүгірумен болды. Олардың әрбір қимылын жабырқау ғана бақылыған бала жаратушының үкімін күтіп төсегінде үнсіз отыр. Дәрігер «Дер кезінде келіпсіз, жүрегі жақсы, енді кідіртуге болмайды» деп операция күнін бүгінге белгілеген. Жеделдете кірген екі дәрігер мұны жетелеп операция бөлмесіне ертіп келіп, операция үстеліне жатқызды. Көзі боталап, жасқа толы Гүлсім «Құлыным, аталарына тапсырдым» деп ұлының бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеді. Жақан кірпіктерін баяу ғана қағып шешесіне басын изеді. Буындары ұстамай құлап кете жаздап тұрған Гүлсімді мейірбике қыз сүйемелдей бөлмеден шыға «Жаман ырым бастамаңыз, бұл біздің жасағалы тұрған бірінші не соңғы операциямыз емес, балаңыздың организмі жас, әлі-ақ жақсы болып кетеді» деп жұбатты. Бөлмеде жалғыз қалған бала жан-жағына, төбесінен самсап тұрған сансыз шамдарға көз салып үнсіз жатыр. Тыныштық ұзаққа созылмады, әлден уақытта дәкемен аузы-басын тұмшалап алған бірнеше дәрігер бөлмеге енді. Егде дәрігерді Жақан көзінен таныды. Білінер-білінбес жүріспен жанына келген дәрігер қыз, белдікпен мұны бірнеше жерден тартып таңып, жұп-жүмсақ қолдарымен қарына укол салып, иісі ашқылтым бір нәрсені тұмсығына иіскетті. Әлгіні иіскеу мұң екен, еріксіз қатты ұйқы қысып, маужырай бастады. Кенет дәрігерлер бірте-бірте елеске айналып, көз алдынан ғайып болды. Ұсақ-түйек болмашыға елең ете қоймайтын, мінезі ауыр күйеуінің жанында Гүлсім үнсіз отыр. Жалпы құдай қосқан қосағына риза. Тіршіліктің қуанышы бар, қайғысы бар, ауырлы-жеңілді салар салмағы бар, күйеуінің жарқылдай  қуанып, не жүнжіп, мүжіліп қайғырғанын көрген емес. «Құдай берген адам» деп ойлады Гүлсім. Анау жоқ-ау, мынау жетпей жатыр-ау, анада бар, бізде жоқ деген күңшілдік пиғыл, күйеуінің түйсігінен сызылып тасталған. Сондықтан бәрін шешетін, бәрін ыңғайластыратын Гүлсім, яғни тізгін соның қолында. Содан болар әлдеқалай ренжігенде «Осы үйдін  еркегі де, әйелі де мен» деп айтатыны бар. Сөйткен күйеуі (ішінен жесе жеп жатырған болар) сол томырық қалпы. Әлдебір тетігін қозғағанда, бұлдырап тұрып-тұрып, бірте-бірте мөлдіретіп көрсететін кино қондырғы тәрізді, есін жиып көзін ашқанда көргені шешесі және екі дәрігер. Кешкісін жатып ертеңгісін тұрғандай әсерде болды. Қанша уақыт осылай жатты, дәрігерлер неи жасады, оның бірін де сезген жоқ.  Шұбатылған шетел киноларындай ұзын-сонар басы-аяғы жоқ түс көрді. Өң мен түстің арасында жатырған бұған шешесінің «Құлыным» дегені ғана есін жиғызды. Басына зілдей қорғасын құйып тастағандай. Мойнын бұрып жан-жағына қарауға дәрмені жетпеген бала тек көз қиығын салды. Ерні тобарсып, қатты шөліркеп жатқаның сезіп, алғаш айтқан сөзі «су» ғана болды. Сол сөзді айтуы мұң екен, жанында тұрған дәрігерлер құшақтасып арқа-жарқа болды да қалды. Әрі күліп, әрі жылап оларға шешесі қосылды.

Быламыққа сынатын тіс сықылды мектеп сатысынан аяғын шалыс басып құлағаны Жақан үшін бірнеше күнге созылған жан азабына әкеліп соқты. Енді міне, шешесінің арғы сарайына жетер-жетпес қылып шай қасықпен тамызған суын, әзер біліп жатырғаны. Тұғырда орнатылған шаны құтының бірнешесі ауыстырылды, қандай құдіреттің барын қайдам, шыны құтыны ауыстырған сайын, бойына бір қуатты күш қосылғандай әсерде қалады.

Сау кезінде Жақан мұндай көп ұйықтап көрмеген шығар. Күні бойғы ойыннан діңкелеп келіп, кешкі асын ішіп болар-болмастан құлап, таң қылаң бере тауықпен бірге оянатын ауыл баласы күндіз жатып ұйықтау былай тұрсын, үйде отыруды білген емес. Ал, қазір тек бір ұйқы бойын алып бара жатырған. Ауылдан шыққалы ішкені бойына сіңбей, бір жағы жанын жегідей жеген уайым, сабылысқан жүрістен шаршаған Гүлсім баласының беті бері қарағанын біліп, өткен түні тұяқ серіппестен қатты ұйықтады. Ертеңгісін күйеуі екеуі баласы жатқан бөлмеге енгенде баласымен бөлмелес үш баламен төртінші боп төсегінде ербиіп отырған Жақанды көрді. «Өй, айналайын», - деді әкесі күректей алақанымен баласының арық тарамыс қолдарын иіскеп жатып. Әкесінің темекі иісі сіңіп көптен қырылмаған бетіне бетін тақады. Ебедейсіз денесімен қорбаңдап баласына еміреніп жатқан әкеге Гүлсім де іш-бауыры езіле қарады. Егде дәрігер: «Балаңыз өте ауыр операциядан шықты, әлі көп күтінуді қажет етеді, мұндай күрделі операциядан соң көп жағдайда баланың ақыл-есінде кемістік пайда болады, әзірге сіздің балаңызда ондай белгі көрінбейді, бқл сирек жағдай», - деді. Гүлсімнің булығып жылап тұрып бірнеше рет «Рақмет, Рақмет» дегеннен басқа сөз тіліне оралмады. «Шамаларың келсе әбден айығып кеткенше, көп ренжітпеуге тырысың, әзірше бала бізде бола тұрады», - дегенді қоса айтты. «Ағай, мынау еңбегіңізге» деп түйіп жүрген түйіншегін жасқана ұсынды. Егде дәрігердің жүзі күреңітіп сала берді. «Мқныңыз не, тіптен ұят болды ғой. Мен шырағым, дәрігерлік ант берген адаммын. Бір баланы ажалдан алып қалып, қатарына қосқанымның өзі менің жарты ғұмырыма азық» деді өңінде шын күйзелгендік байқалып. Гүлсім қатты қысылды. Басына бұрын-соңды мұндай іс түсіп көрмеген ол әлдекімдердің айтқан жел сөзіне еріп, ағаттық жасағанына өкінді.

Арада бірнеше күн өтті. Жанындағы серіктерінің бәрі айығып үйді-үйіне әке-шешелері алып кетті. Олардың әрқайсысымен Жақан балалық шын көңілмен қимай қоштасты. Мұның бетінен сүйіп тұрып, баласын әкетуге келген орыс келіншек «Ну джигит, держись, сто лет будешь жить» деді баласының құлақ радиосын бұған беріп жатып. Жақан жүрегі жиі-жиі соғып қатты қуанды. Әлгі келіншекпен жанындағы бұған күлімсірей қарап  тұрған шикіл сарыға «ыспасибаның» қалай аузынан шығып кеткенін байқамай қалды. Жақан көп жалғызсырап жарытқан жоқ, мұны ауруханадан шығарарға дейінгі он шықты күн ішінде, ит қапқаны бар, велосипедтен құлағаны бар, талайлармен дәмдес болды. Қалада бір қызығы баласының бір жерін оқыс сәл жырып кетсе де, дәрігерге алып жетеді екен. Ондай жағдайда да Жақандар ауылда жарасына құмды сеуіп жіберіп жүре берер еді. Бүгін таңертеңгілік тексеруден соң, кезекші дәрігер қыз мұны жетелеп, әр бөлмеге бір кіргізіп, тексерісі сан түрлі дәрігерлік байқаудан өткізді. Бірі есту қабілетін, енді бірі көру, есте сақтау тағысын тағылар. Дәрігерлер баланың денсаулығы қалыпты жағдайда деген қорытындыға келеді. Белі қатпай жатып, тірліктің бағасын, өмірдің қымбаттығын ерте түсінген Жақан азғана күн көрген азабы көрген түстей болып шешесі екеуі ауылға қайтып келеді. Екеуінің де көңілі көтеріңкі. Жақанның айқайлап ән шырқағысы келеді. Бірақ жұрттан ұялады. Табиғаты қатал дегенімен, Жақан баланың көңіл күйіне қарайласып туған жердің күзі де жаз күніндей маужырай қалған. Жақан аурухананы, орыс келіншектің «жүз жасайсың» деген сөзін тағы есіне алды. Сөз қадірін білетін жасқа жетпесе де шын жүректен айтылған бір ауыз сөз бала көңіліне мәңгі ұялап қалды. Байбақты мұғалім «Қанша ренжісеңдер де бір-біріңе ауыр сөз айтпаң, бір ауыз сөз жақсы айтылса, бүткіл өміріңе жетеді, ал керісінше болса, түбіңе жетеді», - деуші еді. «Соны ағай қайдан білді» деп ойлады Жақан.

 

: 10:36  


Ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болып, ел басқарған, Маңғыстау түбегінің түлеуі жолында түн ұйқысын төрт бөліп, маңдай терін төг

Жаңалыққа өту  

Ақын, журналист, жазушы, өлкетанушы Медет Дүйсеновтың кітаптарын оқуға ұсынамыз.  

Жаңалыққа өту  

Маңғыстау түбегін түгел шарлап, өлкенің арғы-бергі тарихын талмай зерттеп жүрген белгілі өлкетанушы, жазушы Отыншы Көшбайұлының шығармаларын ...

Жаңалыққа өту  

Өлке туралы тарихи, танымдық зерттеу, публицистикалық кітаптардың авторы, «Маңғыстау» энциклопедиясы 1-басылымының алқа мүшесі және авторларының ...

Жаңалыққа өту  

Өлкетану қорынан: Әдебиетші-ғалым, ақын, журналист Қабиболла Сыдиықұлының  бұл кітабы - көп жылдық еңбегінің нәтижесі. Кітапта автордың «Қазақ Совет ...

Жаңалыққа өту  

Бектұр Төлеуғалиұлының бұл тарихи повесі ел басына төнген нәубет - "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" оқиғасымен тығыз байланысты. Шығармада сол ...

Жаңалыққа өту  

Кітапханамыздың «Өлкетану» залына келіп, Жәмек Мүслімұлының «Көз жеткен» кітабын оқуға шақырамыз. Кітапқа автордың әңгімелері, өлең,

Жаңалыққа өту  

Халық батыры  Т. Төлеғожаұлы туралы тереңірек танысқыларыңыз келсе кітапханамыздың  Өлкетану залынан таба аласыздар.  

Жаңалыққа өту  

"Сөйлесе, сөздің шешені". Тілеген Мәмбетұлының туғанына 160 жыл. Мәмбетұлы Тілеген ( 1863 - 1926) жылдар аралығында өмір сүрген Маңғыстау билерінің ...

Жаңалыққа өту  

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ

+7 (7292) 30 31 13

ЖҰМЫС УАҚЫТЫ

Сейсенбі - Жұма: 09:00-18:30
Сенбі - Жексенбі: 10:00-18:30

Дүйсенбі - демалыс

Әмбебап кітапхана қызметін пайдалану ережесі

Оқып шығу